Иран Америка базаларына шабуыл жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Иран Америка базаларына шабуыл жасады

08.01.2020

Иран генерал Кассем Сулейманидың өлімі үшін Америкадан кек алуға кірісті. Өткен тәулікте Ислам Республикасы АҚШ-тың Айн-әл-Асадтағы және Эрбильдегі екі базасына оннан астам зымыран жіберді. Мұны «Мехр» агенттігі хабарлап отыр. Құрбандар мен зиян туралы әзірге мәлімет түскен жоқ. Айта кету керек екі мемлекеттің қатынастары соңғы күндері тіпті шиеленісіп тұр.

Ракеталық шабуылдан кейін президент Дональд Трамп «Твиттерде» жазба жариялап, «бәрі жақсы» деп мәлімдеді. Және де ол Құрама Штаттар армиясын әлемдегі ең қуатты, ең жақсы жабдықталған әскер деп ескертті. 

Иранның Таяу Шығыстағы басты стратегі және сыртқы саясат архиктекторы Сулеймани өткен жұмада америкалық дронның соққысынан Бағдад әуежайы маңында мерт болды. Ол бүгін таңертең туған жері Керманға жерленді. Қолбасшыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі кезінде 56 адам аяқ астында тапталып қаза тапса, тағы 210 тұрғын жараланған.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу