Қостанай облысында бақылау бекетін айналып өтіп шекара асатын жүк көліктері көбейген. Соның кесірінен ауыр салмаққа есептелмеген ауыл арасындағы жолдардың талқаны шығып жатыр. Шамадан тыс жүк тиеген мыңдаған көлікті бақылап, тезге салуға құзырлы орындар қауқарсыз. Мұның бәрі мемлекеттің бюджетке түсетін қыруар қаржыдан қағылуына да себеп болып отыр.
Бұл — Қостанай-Челябі тас жолы. Көліктік бақылау инспекциясының бекеті осы жолдың бойында, Қарабалық кентінің тұсында орналасқан. Алайда олар жүк тасымалының бәрін бірдей бақылай алмайды. Жан – жағы ашық дала. Көліктер оңынан да, солынан да айналып өтіп жатыр.
Инспекторлар бекетті айналып өткен көліктерді осылай тек көзімен ұзатып салады. Себебі олардың бұл жерден қозғалуға құқы жоқ. Бағытын өзгерту ереже бұзуға жатпайтындықтан жол полициясы да тасымалдаушыларды тоқтата алмайды. Осылайша, көліктер ауыл арасымен өтіп, негізгі күре жолға қайта шығып Ресей асады.
Қарабалық бекетінен биыл 15 мыңға жуық көлік өткен. Әкімшілік талапты бұзуға байланысты 1500 хаттама толтырылып, 106 миллион теңге айыппұл салынған. Ал осындай айып арқаламас үшін бекетті айналып өтуді әдетке айналдырған ішінде жергілікті тасымалдаушылар да көп. Сондай ауыр көліктің бірі жолайрықтағы түсіру тобын көріп кілт тоқтады. Алдымен әлденеге ашуланып, соңынан сөзге келіп өз уәжін айтты.
Аудан басшылары құзырлы органдармен бірлесіп мәселені шешуге тырысып жатырмыз дейді. Әзірге нәтиежесіз.
Алайда ай сайын тексеріп сағат сайын ағылған көліктің қозғалысын қадағалау мүмкін емес. Сондықтан тұрғындар бақылау бекетін елді-мекеннен аулаққа немесе шекара шебіне көшірсе дейді. Мәселе сонда ғана шешімін табуы тиіс.
Дәуренбек ӘБДІБЕК