Ақтөбеде 15 жастағы жасөспірімнің өліміне кінәлі адам жазадан құтылып кетуі мүмкін. Қараша айында пышақтап өлтірілген Мадияр Исмағұловтың ата-анасы соттан әділдік талап етеді. Күдіктінің бірі қайғылы оқиғадан кейін екі айдан соң қамауға алынған.
Мадиярдың қазасынан кейін ата-анасы әлі күнге есін жия алар емес. Олар бүгін сот алдына келіп, тергеудің дұрыс жүргізілуін талап етті.
Марқұмның туыстарының айтуынша, төбелес кезінде Мадиярдан бөлек тағы екі бала да пышақ жарақатын алған. Сондықтан айыпталушылар да бірнеше адам болуы керек дейді. Оның үстіне жанжалдасқандардың көбі жасөспірімдер болғандықтан, айғақ беруден қорқып қалған.
Жиналғандар аудан прокурорына да келіп, әділдік сұрады. Сондай-ақ куәгерлерді белгісіз біреулер қорқытып отырғанын да жайып салды.
Прокуратура өкілдері осылайша бұл істі барынша бақылауға аламыз деп сендірді. Одан бөлек арнайы арыз болса, куәгерлерді қорқытып отырғандардың кім екенін де анықтайтындығын айтты.
Жақсыбек КЕМАЛ