Абай — бүгінгі заманның мотиваторы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай — бүгінгі заманның мотиваторы

10.01.2020

Абай — бүгінгі заманның мотиваторы. Қанша уақыт өтсе де ақынның тағлымы — бүгінгі ғасырдың шындығы бола бермек. Ол әр шығармасында халықты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған. Сондықтан Абайдың туындыларынан өнеге алу керекпіз. Президент мақаласындағы мұндай маңызды қадамды университет ұстаздары қолдауға дайын.

Президент бастамасы білім ордаларына жаңаша серпін бергендей. Ұстаздар ұжым болып мақаланың тарауларын талдау үстінде. Ондағы ой, Абай шығармашылығын дәріптеуге үлес қосып, мұндағы білімгерлерге жеткізу еді. Мәтіні тек қазақ тілінде шыққандықтан, орыс тілді аудиторияға насихаттаудың жолдарын да саралады. Осылайша, ұлттық болмыстың үлгісін көрсеткен ұлы ойшылдың шығармасын жаңа бағытта, жаңаша тәсілде қолдану көзделіп отыр.

«Жаңғыру – жаңа құндылықтарға жол ашу емес, керісінше ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау үрдісі»,- делінген мақалада. Бұл ретте Абайды айналып өтпейтініміз анық. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін сынаса да халықты төрге жетелеуді көздеді. Ұлтын сүюге, елдігін қадірлеуге шақырды. Сан ғасыр өтсе де бұл ұғым мағынасын жоймады. Сол себепті де Абай – бүгінгі заманның мотиваторы.

Ақын, жазба әдебиеттің негізін салушы, ағартушы-ұстаз, философ, аудармашы, гуманист. Бір Абайдың бойынан табылатын сан қасиетті бүгінде бір университет түрлі бағытта оқытып жатыр. Сондықтан да мұндағы кәсіби мамандар ақынның шығармашылығындағы ой-тұжырымдарды өскелең ұрпақтың өмірлік азығына айналдыру керек деп санайды. Бұл мақсаттың алғашқы баспалдағы ұлттық болмысты қалыптастырудан басталмақ.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу