Ақтауда мүгедек жандардың қоғамдық көліктегі жеңілдігін алып тастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда мүгедек жандардың қоғамдық көліктегі жеңілдігін алып тастады

10.01.2020

Ақтауда, кембағал жандар енді қоғамдық көлік үшін ақы төлеуге мәжбүр. Себебі, жергілікті билік жаңа жылдан бастап автобусқа тегін мінетіндердің тізімін қысқартқан. Жеңілдіктен қағылғандардың арасында 1-ші және 2-ші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Жұмысқа қабілетсіз, тек жәрдемақымен жан бағып отырғандар атқамінерлердің бұл әрекетін түсінбей дал.

Кешелі бері тұрғындар әкімдікті жағалап жүр. Басым бөлігі мүгедек жандар.

Ақтаудағы 3 мекеме 7 бағыт бойынша жолаушыларға қызмет көрсетеді. Олар заңға сәйкес, 7 жасқа дейінгі балаларды тегін, ал жасөспірімдерді 50 пайыз жеңілдікпен тасымалдайды. Оған қоса, кәсіркерлер әкімдік қолқа салған соң, 10 жылдан бері 13 мыңдай тұрғынды тегін тасып келген. Әрі қарай, ақысыз қызмет көрсету кәсіпкерлерге тиімсіз.

Тасымалдаушылар алдағы уақытта соғыс және тыл ардагерлерін, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар мен «Алтын» және «Күміс» алқа иегерлерін тегін тасуға келіскен. Өзгесі ақша төлеуге міндетті. Ал жуық арада мәслихаттың шешімімен Ақтауда жол ақысы 50-ден 70 теңгеге қымбаттамақ.

Аягөз ОРАЛБАЙ


Хабарламаларға жазылу