Түркістан облысының Жолбасшы ауылында бала-шағасымен жабылып жүріп өз қаржысына кітапхана салған қарапайым отбасы тұрады. Материалдық құндылықтан гөрі рухани жан азықты артық көретін жанұя ғимарат қана соғып қойған жоқ қиын-қыстау кезеңде қолда бар кітап қорын да шашау шығармай сақтап қалған. Бүгінде жалғыз Жолбасшы ғана емес, төңірегіндегі бірнеше елді мекеннің жұрты сол жерде кітап оқып, жан дүниесін байытып келеді.
Жолбасшыда кітапхана атауы болғанымен оның жеке дара отауы болған емес. Алғашында клубтың бір бұрышын паналады. Одан мектептің тар бөлмесіне жайғасты. Гүлбаланың кітаптарға жаны ашитын. Көшкен сайын жыртылып бүлініп барады. Отбасындағы 5 ұл-қыз жетіліп қалған. Алды студент. Бірді бірге әрең жалғап отырса да күйеуі Нұржанмен ақылдаса келіп, тәуекелге бел байлады.
Ауыл кітапханасының бүгінде 700-дей тұрақты оқырманы бар. Жылына кітап іздеп 9 мыңдай адам келеді.
Гүлбаланың мамандығы тарих пәнінің мұғалімі. Алғашында оқытушы болғаны бар. Кейіннен басшылар бірнеше мәрте ұстаздық етуге шақырды. Бармады. Мектептегі қоңырау үні қанша еліктіргенімен кітапхана ісіне деген іңкәрлік бәрін жеңіп кетті.
Ауыл кітапханасы бүгінде көптеген мәдени шараның ұйытқысы. «Ханбибі» деп аталатын әжелер тобы жастарға салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты үйретіп, бойларына сіңіріп келеді. Ауылдың алты ауызына бергісіз өнерлі қарттар бірігіп ән де айтады.
Ғани ҚАЛМАХАН