Атырауда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен салынған тұрғын үйлер сапасыз болып шықты. Ипотекамен берілген пәтерлердің қабырғасы жарылып, едені сықырлап тұр. Сылағы да түсіп жатыр. Жұртшылық шаршы метрі 180 мыңға бағаланған баспана, өз құнына лайық емес деп шағымдануда.
15 жылдан аса пәтер жалдап келген Бақытгүлдің қуанышы пәтерін көргенде су сепкендей басылды. Терезе жақтауындағы саңылау, жарылған қабырға, сыз тартқан еден. Жаңа қоныс иесі бұл баспана үшін айына 105 мың теңге төлеуі тиіс.
9 қабатты үй былтыр желтоқсан айында пайдалануға берілді. Содан бері мұндағы тұрғындар сұрқы қашқан баспананың машақатын көріп келеді. 72 пәтердің бәрінде дерлік осындай жағдай.
Іргетасы 2017 жылы қаланған үйді салу үшін 700 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Мердігер мекеменің өкілі олқылықтың барын жасырмайды. Әрі кем-кетікті қалыпты жағдайға балайды.
Мердігер мекеме жүктелген міндетті орындамаса, сот алдында жауап береді. Ал тұрғындар сапасыз үй дер кезінде жөнделмесе, құзырлы органдарға арыздануға бекініп отыр.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ