Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан құрылған академия Абай мұрасын әлемге жаңа қырынан таныстырады, «Абай және қазақ қоғамы» жобасы аясында ұлт әдебиеті мен тарихын зерттеп-зерделейді. Ресей және өзге де шет ел мұрағаттарында сақталған құнды деректерді жинақтайды.
Абай бір өзі біртұтас әлем, жұмбақ әлем. Оның сан қырлы шығармалары әлі толық зерттелген жоқ. Абайдың әр туындысы - философия. Өлеңінің әр қатары, әр сөзі-терең ойлы. Сондықтан қанша жыл өтсе де, маңызын, мәнін жоймайды.
Абай - кемеңгер идеолог. Қоғам қайраткері ретінде өзі өмір сүрген қоғамның дертін жасырмай, дәл айтты. Қандай өзгерістерге ұшырады, оны өлеңдеріне арқау етіп, қара сөздеріне негіз етті.
Екі ғасыр бұрын Абай айтқан мәселелер әлі де өзекті. Әлеуметтік, тарихи, рухани мәні жоғалған жоқ. Сондықтан Абай мұрасын зерттеу, Абай шығармаларымен танысу, Абай тұлғасын тану маңызды.
Абайды ұлықтау- елдігімізді ұлықтау, ана тілімізді ұлықтау. Абай академиясы Ұлы ақынның 2 томдық шығармаларын текстологиялық тұрғыда қайта қарап, толықтырып шығарады. Абайдың ғылыми өмірбаянын әзірлейді. Алдағы екі жылда 16 зерттеу мен монография, 7 оқулық , 7 қолданбалы танымдық құрал шығаруды жоспарлап отыр.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ