Ақтаудың іргесіндегі Сайын Шапағатов ауылында 100-ге жуық отбасы жылуға жарымай отыр. Қытымыр қыста бүрсең қаққан тұрғындар биліктен газ құбырын тартып беруді сұрайды. Алайда, 7 жыл өтсе де көгілдір отынға қолы жетпеген жұрттың жергілікті атқамінерлерге өкпесі қара қазандай.
Ауылдағы жүз отбасы осыдан жеті жыл бұрын елді мекеннің басқа шетіне қоныс аударды. Өйткені, жер телімдері әуежайдың ұшу алаңында орналасқандықтан тұрғындар қауіпсіз аумаққа көшуге мәжбүр болды. Алайда, жұрттың қуанышы көпке бармады.
Үйді жылытамыз деп қып-қызыл шығынға баттық дейді жұрт. Мысалы, газ тұтынатындар күн сайын 40 литрлік баллонды 2600 теңгеге толтырып алады. Ал электр энергиясын пайдаланатындар ай сайын 130-150 мың теңге төлейді. Оған жағдайы жетпегендер пешке от жағып күнелтуде. Кейбіреулері үйлерін құлыптап, пәтер жалдап кеткен.
Шағым айтқан жұртқа ауыл әкімі көгілдір отынды жеткіземіз деп тағы да уәде етті. Жоба бойынша 1312 жер учаскесіне құбыр жүргізіледі.
Жоба кезек-кезеңімен жүзеге аспақ, 2021-жылы аяқталады деп көзделген. Жылдар бойы жергілікті атқамінерлердің құрғақ уәдесіне тойған тұрғындарға осы жолы да сенім артқаннан басқа амал жоқ.
Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ