Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің кадр резервіне енген жастармен кездесу өткізіп жатыр.
«Бүгінгі кездесуіміздің мән-маңызы ерекше. Қазақта «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген жақсы сөз бар. Сіздер Президенттік жастар кадр резервіне өту үшін арнайы бәйгеде бақ сынап, алға шықтыңыздар. Бәріңізді шын жүректен құттықтаймын! Өздеріңізге белгілі, кадрлық резерв жасақтау үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Бұл жобаға бүкіл еліміз бойынша 13 мың адам қатысты. Соның ішінен 300 азаматты іріктеп алдық. Науқанға қатысқан барлық қызметкерге ризашылығымды білдіріп, олар назарымызда қалады деп айтқым келеді», - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті ел басқару ісіне араласатын таңдаулы жастардың қатарына қосылу зор мәртебе екендігін баса айтты.
«Өздеріңіз сияқты озық ойлы, бәсекеге қабілетті мамандар елімізге өте қажет. Жалпы бұл жас буын өкілдерінің жауапты қызметке келуі үшін жасалып отырған игі бастама. Осы ретте өздеріңіз сияқты білімді әрі талапты азаматтарға үлкен үміт артамыз. Сіздер жаңа Қазақстанның дамуына аянбай үлес қосасыздар деп сенемін. Еліміздің алдында биік мақсаттар тұр. Ең алдымен мемлекетімізді одан ары өркендетіп, тәуелсіздігімізді нығайтуымыз керек. Сондай-ақ азаматтардың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуымыз қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.