Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президенттік жастар кадр резервіне өткен азаматтармен кездесуде сөйлеген сөзі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президенттік жастар кадр резервіне өткен азаматтармен кездесуде сөйлеген сөзі

15.01.2020
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президенттік жастар кадр резервіне өткен азаматтармен кездесуде сөйлеген сөзі

Қадірлі достар!

Құрметті жиынға қатысушылар!

Бүгінгі кездесуіміздің мән-маңызы ерекше.

Қазақта «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» деген жақсы сөз бар.

Сіздер Президенттік жастар кадр резервіне өту үшін арнайы бәйгеде бақ сынап, алға шықтыңыздар.

Бәріңізді шын жүректен құттықтаймын!

Өздеріңізге белгілі, кадрлық резервті жасақтау үшін ауқымды жұмыс атқарылды.

Бұл жобаға бүкіл еліміз бойынша 13 мың адам қатысты.

Соның ішінен 300 азаматты іріктеп алдық.

Науқанға қатысқан барлық үміткерлерге ризашылығымды білдіріп, олар назарымызда қалады деп айтқым келеді.

Ел басқару ісіне араласатын таңдаулы жастардың қатарына қосылу – зор мәртебе.

Өздеріңіз сияқты озық ойлы, бәсекеге қабілетті мамандар елімізге өте қажет.

Жалпы, бұл – жас буын өкілдерінің жауапты қызметке келуі үшін жасалып отырған игі бастама.

Осы ретте өздеріңіз сияқты білімді әрі талапты азаматтарға үлкен үміт артамыз.

Сіздер жаңа Қазақстанның дамуына аянбай үлес қосасыздар деп сенемін.

Еліміздің алдында биік мақсаттар тұр.

Ең алдымен, мемлекетімізді одан әрі өркендетіп, тәуелсіздігімізді нығайтуымыз керек.

Сондай-ақ, азаматтардың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуымыз қажет.

Билік пен халық арасындағы өзара сенімді күшейту – маңызды міндет.

Осыған орай «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қолға алынды.

Мемлекетті басқару жүйесін жаңғырту мақсатымен ауқымды реформалар жүзеге асырылуда.

Мұның бәрі жаңа кезеңге қадам басқан Қазақстанның игілігі үшін жасалып отыр.

Қадірлі қауым!

Дана халқымызда «Қатарыңның алды бол» деген баталы сөз бар.

Бұл игі тілек жастарға ерекше рух беріп, жігерлендіру үшін айтылады.

Сіздер іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, шын мәнінде, өз қатарларыңыздан оза білдіңіздер.

Бірақ, мұны, ең алдымен, мемлекеттің өздеріңізге деген зор сенімі деп қабылдау қажет.

Кадрлық резервке өту дегеніміз жоғары лауазымды қызметке орналасу ғана емес.

Бұл – ұлт үшін, ел үшін, халық үшін аянбай тер төгу деген сөз.

Әр заманда кез келген халықтың білімді және білікті азаматтарының ортақ мүддеге топтасатын кезеңі болады.

Осылайша ұлтты биікке жетелейтін, жаңаша дамуға бастайтын шоғыр қалыптасады.

Жаңа Қазақстан үшін де осындай маңызды әрі жауапты сәт келді деп санаймын.

Сондықтан сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі.

Өздеріңізге мәлім, мен сайлау барысында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсындым.

Ол басты үш қағидаға негізделген.

Біріншісі – ашықтық және жариялылық.

Соның аясында мемлекеттік органдардағы жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету міндеті тұр.

Біздің әрбір қадамымыз бен әрбір шешіміміз азаматтарға түсінікті болуы қажет. 

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңның нормалары сапалы орындалуы керек.

Шешім қабылдау кезінде барлық талаптар сақталуы тиіс.

Шын мәніндегі әділдік қағидасын осылай іске асыруға болады.

Сыбайлас жемқорлыққа барынша қарсы тұру – негізгі мақсаттың бірі.

Қоғам өкілдері биліктің іс-әрекетімен келіспеген жағдайда пікірін еркін айтуға мүмкіндігі болуы қажет.

Бұл – ең алдымен, мемлекеттің жаңа кадрлық саясатына қатысты мәселе.

Оның басты міндеті – мемлекеттік аппаратты жетілдіру және басшылардың жаңа буынына жол ашу.

Президенттік кадр резервінің негізгі көздеген мақсаты да – осы.

Бүгінгі жастар – мемлекеттік басқару жүйесінің болашағы.

Әрқайсыңыздан елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтеміз.

Алдағы уақытта сіздерді мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жауапты қызметке жібереміз.

Қазірдің өзінде резервке өткен елу бес азамат жаңа қызметке бекітілді.

Соның ішінде кейбірі орталық мемлекеттік органдардағы басшылық лауазымға тағайындалды.

Бұл – ауқымды жұмыстың бастауы ғана.

Биыл резервтегі 100 адамды қызметке тағайындауды жоспарлап отырмыз. Алдағы жылдарда кадрлық резервтің әлеуетін толық пайдаланамыз.

Әрине, араларыңыздан бизнес саласында зор жетістікке жеткендер шығып жатса, құба-құп болар еді.

Осы ретте, ел дамуына пайдасы тиетін бастамаларды қолға алған жөн.

Бірақ, біздің мақсатымыз сіздерді лауазымды қызметке тағайындау ғана деп ойламаңыздар.

Бұл – елді өркендетуге бел буған, сол үшін бар күш-жігерін жұмсайтын азаматтарға арналған жоба.

Басты міндет – талантты жастардың Қазақстанды жаңа белестерге көтеруіне мүмкіндік беру.

Ең бастысы – туған еліңді шексіз қадірлеу және оған адал қызмет ету.

Табанды еңбек етіп, нақты нәтижеге қол жеткізу керек.

Бұл ұлтты жаңғырту үшін өте маңызды.

Мен өздеріңіз арқылы елімізде патриоттардың жаңа буыны қалыптасады деп сенемін.

Сіздер егемен еліміздің жастарына ұлтжандылықтың, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетулеріңіз керек.

Кезінде Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп айтқан.

Бұл – ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын, уақыт өткен сайын мән-маңызы арта түсетін қанатты сөз.

Түсіне білген адамға Туған жер, Отан, Егемен ел ұғымдарының орны бөлек.

Отанға деген сүйіспеншіліктің озық үлгісін ұлы Абай көрсетті.

Биыл ғұлама ойшылдың туғанына 175 жыл толады.

Ол еліміздің тарихында және әлем тарихында өшпес із қалдырды.

Оның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы бүкіл халқымызға үлгі-өнеге.

Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы.

Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты.

Ұлы ойшыл жастарымызды білім мен ғылым игеруге, өнер мен тіл үйренуге, адал еңбек етуге шақырды.

Абайдың «Толық адам» тұжырымы өміріміздің кез-келген саласында, мемлекетті басқару мен білім жүйесінде, бизнес пен отбасы институттарында негізгі тұғырға айналуы керек.

Мұның бәрі интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін қажет.

Абайды өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы деуге болады.

Біз елдік мүддеге қатысты әрбір ісімізде ұлы ақынның еңбектеріне жүгінуіміз керек.

Бұл – жаңғыру жолындағы аса маңызды қадам.

Халқымыз, әсіресе, жас буын Абайдың сара жолын жалғауға баса мән беруі тиіс.

Мен «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаламда осы мәселелерге ерекше назар аудардым.

Біз Елдік пен Егемендіктің қадірін бағалай білуіміз керек.

Жастарымыз әрдайым ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, дәріптей білуі қажет.

Бұл өздеріңізге жүктелген мәртебелі миссия деп біліңіздер.

Қазақстанның болашағы – саналы әрі талапты ұрпақтың қолында.

Сондықтан кадрлық резервке өткен азаматтар өздеріне жүктелген жұмысты абыроймен атқарады деп сенемін.

ХХІ ғасырдағы Қазақстанды биік белестерге сіздер сияқты білімі озық, ойы ұшқыр жастар бастауы керек.

Баршаңызға зор денсаулық және толағай табыс тілеймін.

Хабарламаларға жазылу