Тіс дәрігері мамандығында оқитын түркістандық студенттер іс-тәжірибеден өту үшін енді алысқа сабылмайтын болды. Университеттің ішінен стоматология клиникасы ашылды. Онда тіс емдеуге қажетті құрал-жабдықтың бәрі бар. Хирургиялық, терапиялық, ортопедиялық кабинеттер су жаңа құрылғылармен жабдықталған. Енді болашақ тіс дәрігерлері соңғы технологиялар тілін меңгеріп, теориялық білімін іс жүзінде ұштай алады. Ең маңыздысы, бұл клиникадағы білікті ұстаз - дәрігерлер, профессорлар, ғылым кандидаттары - қарапайым тұрғындарды қабылдайды, яғни көпшілікке қызмет етеді. Балалар стоматологиясы және бар. Оның үстіне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген. Айта кетейік, бұл университет базасындағы жалғыз клиника емес. Оқу орны жанында 120 жатын орындық аурухана, 25 мың тұрғын тіркелген емхана бар. Бұл клиникалық-диагностикалық орталық былтырдың өзінде 65 мың адамға қызмет көрсеткен.
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ