Сыр өңірінде 11 адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты кінәлілер анықталды. Естеріңізге сала кетейік, желтоқсан айының басында «Қызылорда-Құмкөл» тас жолында «Саутс-Ойл» компаниясының вахталық жұмысшылары мінген автобус жолда аударылып қалды. Оқыс оқиға бойынша құзырлы органдар жүргізген тергеп-тексеру барысында «Кеңлік» мұнай кенішіндегі вахталық ауысымның басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оған синоптиктердің дабылды ескертуін қаперге алмағаны, автобустың техникалық жағдайына мән бермегені үшін және жүргізушіде жолдама парағының жоқтығына қарамастан көктайғақта жолға шығуына рұқсат бергені үшін айып тағылып отыр. Сондай-ақ «Саутс-Ойлдың» вахталық жұмысшыларын тасымалдаумен айналысатын компания директоры да өз міндетіне салғырт қарағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылуда.
Әділбек СЕРІКҰЛЫ