Президенттік жастар кадрлық резервіне алынған 300 адамның 102-сі жеке, 98-і квазимемлекеттік сектордан ал 96-сы мемлекеттік қызметші. Оларды қызметке президент өзі тағайындауы мүмкін немесе әкімдер мен министрлер шақырады. Президент әкімшілігі де ұсыныс білдіре алады. Бастысы мемлекеттік басқаруды жаңарту қажет. Мақсат –жемқорлықтан ада, жаман қасиеттерді бойына сіңірмеген маман қалыптастыру. 13 мың үміткерден суырылып шыққан 300-і жақында Мемлекет басшысымен кездесті. Жалпы іріктеуге жоғары білімді, жасы 35-тен аспаған және еңбек өтілі 5 жылдан кем емес, 1-ден 3-ке дейін ұсыным хаты бар азаматтар қатысты. Қай салаға баратынын қатысушының өзі таңдаған. Олардың арасында еліміздің барлық өңірінен, тіпті алыс-жақын шетелдерде жұмыс істеп жүргендерден іріктелгендер де бар. Президенттік жастар кадр резервіне енгендердің орташа жасы – отыз бір. Құрамында түрлі ұлт өкілдері бар. Енді олардың бір бөлігі мемлекеттік басқару академиясының базасында, әлемдік білім беру орталықтарында қысқа және ұзақ мерзімді оқудан өтеді.