Қытай дәрігерлері жаңа типтегі коронавирустың адамнан адамға таралатынын растады. Бұған ауру ошағына айналған Ухань қаласына бармаған, алайда сонда болған отбасы мүшелері арқылы екі адамның оны жұқтыруы дәлел. Соңғы мәліметтерге сәйкес, жұмбақ вирус қоздырған пневмония салдарынан елде 4 адам көз жұмды.
Ауру белгілері байқалған тағы 220 емделуші тіркеуде тұр. Олардың ішінде 14 медицина қызметкері де бар.
Бұл инфекцияны жұқтырған науқастар Оңтүстік Корея, Жапония, Таиландта да анықталды. Олардың барлығы Ухань қаласына барып келген.
Ертең осы жөнінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шұғыл жиналыс өткізіп, коронавирустың халықаралық деңгейде қаншалықты қауіпті екенін айтпақ.
Жұқпалы дерттің ауа арқылы таралуына байланысты мамандар тұрғындарға міндетті түрде медициналық маска тағуды ескертіп отыр.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ