Ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлау ресми басталды. Жыл он екі айға созылатын кешенді жоспардың алғашқы шарасы бас қалада «Астана опера» театрында өтті. Кемеңгер ақынның мерейтойына арналған салтанатты концертті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көппен бірге көрді.
Ләйлә Баймағамбетова бүгін ерекше толқып жүр. Өйткені Абай атасының мерейтойын елмен бірге елордада тойлау — үлкен мәртебе. Ләйлә апай — хәкімнің үлкен ұлы Ақылбайдың немересі. Ұлтының ұлағатты ұстазына айналған ұлы Абайдың ұрпағы болудың жауапкершілігі зор екенін айтады.
Абайдың өзі де ұлы, сөзі де ұлы. Сондықтан қазақтың нар тұлғасына құрметін Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев та көрсетті. Ұлы ойшылымыздың рухын асқақтатып, мол мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттаудың маңыздылығын Елбасы да, қазіргі Президент те үнемі айтып келеді. Ал бұл жолғы мерекелеудің басты ұстанымы: той тойлау емес, ой толғау! Сондықтан мерейтойдан кейін де ел мерейін өсіріп жүретін игі шаралар атқарылмақ. Сондай-ақ Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздері 10 тілге тәржімәланады. Бүгінгі концертте жасөспірімдер ұлы ақынның шығармаларын сол озық он тілде мәнерлеп оқып берді.
«Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол». Ұлы Абайдың отыз үшінші сөзі осылай басталады. Кемеңгер ақын білімді, ғылымды, өнерді аса дәріптегенін білеміз. Сондықтан оның 175 жылдығын тойлауда тағылымды істерге басымдық беріледі. Бүгінгі шара Ұлы тойдың басы ғана. Жыл бойы хәкім Абайға арналған республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдері, жалпы алғанда бес жүзден астам шара өтеді.
Олардың 24-і халықаралық, 21-і республикалық деңгейде ұйымдастырылса, қалғаны, яғни, басым бөлігі Шығыс Қазақстан облысында өтеді. Өңір басшысы өлкенің ұлы тойға әзірленіп жатқанын жеткізді.
Шаралардың шарапаты ақынның туған жеріне тиері анық. Мерейтойға орай Жидебайдағы Абайдың музей үйі, Абай-Шәкірім кесенесі мен Семей қаласындағы бас музейді абаттандырып, көріктендіру көзделген.
Былтыр жазда басталған Абай өлеңдерін оқу челленджі биыл да жалғасын тапты. Бала да, қария да, әкім де, қара да Абайдың даналағын, даралығын ұғынады. Тағылымын алып, тағзым етеді. Киелі сахнада Асанәлі Әшімов, Роза Рымбаева, Әлібек Дінішев сынды Қазақстанның халық әртістері ұлы Абайдың өлеңдері мен әндері қайта жаңғыртты. Бата берілді, той басталды. Ендігі кезек сіз бен бізде. Абайды оқып, көңілге тоқиық.
Альбина ӘШІМ