Қызылордалық тұрғын 8 жастағы баласын тастап, Кореяға жұмыс іздеп кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордалық тұрғын 8 жастағы баласын тастап, Кореяға жұмыс іздеп кеткен

21.01.2020

Ал қызылордалық тұрғын 8 жасар баласын әлдекімдерге тастап, Кореяға нәпақа іздеп кеткен. Қараусыз қалған жеткіншекті полиция қызметкерлері қала шетіндегі саяжайлардың бірінен тауып алған. Кішкентай Влад жуырда ғана мектепке барған. Қазір ол кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тұрады. Ал күнкөріс қамымен шетел асқан анадан еш хабар жоқ.

Қаршадай бала орталыққа келген кезде адамдарды жатырқап, ортаға бейімделе алмаған. Ұзақ уақыт педагог-психологтардан тәлім алған бала енді ғана әріп танып, оқуды үйреніп жүр. Қазір ой-өрісі жетіліп, өмірге деген құлшынысы артып келетіндігін айтады мамандар.

Құқық қорғаушылар Владиктің анасын іздестіріп, оның былтыр Оңтүстік Корреяға жұмыс іздеп кеткенін анықтаған. Есімі Людмила Цой. Одан басқа ешқандай мәлімет жоқ. Осы уақытқа дейін із-түссіз кеткен әйелді іздестірген туысқандары болмапты. Владтың да соңынан бір жақыны келмеген.

8 жасар Владик Цойдың келешек тағдыры не болмақ? Оны сот шешпек. Нан табу үшін шетел асып кеткен әйелді аналық құқығынан айыру туралы мәселе қаралуда. Бірақ таразының екінші жағы бар. Оңтүстік Корреяға кеткен Людмила бүгінде ұлына жете алмай жүрген жоқ па? Ол жағы белгісіз?

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу