Конституциялық Кеңес отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Конституциялық Кеңес отырысы өтті

22.01.2020
Конституциялық Кеңес отырысы өтті

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 107-баптың 8-тармақшасын конституциялық емес деп тану ұсынылды. Бұл туралы  кеше өткен Конституциялық Кеңестің отырысында талқыланды. Азаматтардың тұрғын үй құқықтарын қамтамасыз ету мәселесі сөз болған жиынға Елбасы қатысты. 

Айта кетейік, Ата заңға сәйкес Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық Кеңестің ғұмыр бойғы мүшесі саналады. Әлеуметтің әл-ауқатын жақсартуға септесетін маңызды мәселені талқылауға Кеңестің ғұмыр бойғы мүшесі ретінде алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысып отырғанын, бұл елдің конституциялық даму тарихында айрықша оқиға екенін Кеңес төрағасы Қайрат Мәми атап өтті.

Ал бұл заңның 107-бабында мемлекеттiк тұрғын үй қорынан немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған баспанадан басқа тұрғын үйдің берiлмеу негiздерi көрсетілген. Яғни, егер отбасының бір мүшесі баспана алған жағдайда, мемлекеттік жалдамалы тұрғын үйден сол жанұяны шығару жөнінде шешім шығарылады.

Заңдағы кемшілік соттың Конституциялық Кеңеске жүгінуіне негіз болды. Себебі соттар мен жергілікті атқарушы органдар заңға сүйеніп, егер отбасының бір мүшесі баспаналы болған жағдайда, мемлекеттік жалдамалы тұрғын үйден сол жанұяны шығару жөнінде шешім шығарып келді. 

Соңғы үш жылдың ішінде соттардың қарауына дәл осы санатқа жататын 29 іс келіп түскен. Оларға қатысты шешімдер де әр алуан. Тек бір ғана іс Жоғарғы Сотқа жеткен. Талқылау кезінде Заңның бұл нормасы жітілдірілмегені әрі азаматтардың конституциялық құқығын жүзеге асыруға кедергі келтіруі мүмкін екені айтылды. 

Elbasy.kz


Хабарламаларға жазылу