Президенттік кадрлық резервіне бір үйдің 2 баласы да өткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттік кадрлық резервіне бір үйдің 2 баласы да өткен

22.01.2020

Президенттік жастар кадрлық резервіне енген азаматтар арасында бір үйдің екі баласы да бар. Бірақ екеуі екі салада. Қазір әрқайсысы өз бағыттары бойынша жұмыс істеп, ел дамуына үлес қосып жүр.

Алмас Сәкенов Ақмола облысының тумасы. Негізгі мамандығы – педиатр. Бірақ кейін менеджмент бойынша білім алған. Қазір екеуін де тиімді пайдаланып, медициналық менеджер болып жүр. Кадрлық резервке енуін өз идеяларын іске асыру үшін үлкен мүмкіндік деп есептейді.

Алмас қазір Әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасының мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту маманы. Ал туған ағасы Олжас білім саласында. Ол оқыту жүйесіндегі озық тәсілдерді меңгеріп, оны жастарға үйретіп жүр. Өйткені, өмірлік мақсаты – заман талабына төтеп беретін жан-жақты тұлға даярлау.

Олжас осы ойларын президентпен кездесуде де айтты. Жоспарын тек сөз жүзінде емес, шын мәнінде іске асыру үшін бірнеше жобаны қолға алған. Соның бірі – қазіргі сұранысқа ие жаңа мамандықтардың атласын әзірлеу. Өйткені бүгінде әлемдік үрдістер күн сайын өзгеріп, талап күшеюде. Ал ағайынды Олжас пен Алмас еліміздегі ең өзекті салалар - білім мен денсаулық сақтау сапасын арттыруға күш салатынын айтады.

Аманкелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу