Қазақстанның заңнамасына сай келмейтін шетелдік көліктерді елге кіргізілмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның заңнамасына сай келмейтін шетелдік көліктерді елге кіргізілмейді

24.01.2020

Қазақстанның заңнамасына сай келмейтін шетелдік көліктерді елге кіргізбеу керек. Үкіметтің бүгінгі кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Қазақстан азаматтары Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерінен әкелінген автокөліктерді уақытша тіркеуі тиіс. Бұл тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін күшінде болады.

Соңғы кезде елімізде шетелдік нөмірлі көліктерге қатысты мәселе ушығып кеткен еді. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған қатысты шешімін айтып, нақты тапсырма берді. Бүгінгі таңда Қырғызстан мен Ресейден сенімхат арқылы әкелінген көліктер тіркелмейді, алайда жүргізушілер заңды бұзып, техникалық құжаттарды ресімдеп алады.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі шетелдік нөмір таққан көліктер Қазақстан жолдарымен жүрмейді деп мәлімдеме жасаған еді. Соңғы дерек бойынша, елімізде тіркелмеген 100 мыңнан астам көлік жүр. 2019 жылы нөмірі өзге көліктер 1854 жол апатына себепкер болған. Жаңа жылдан бастап енген ережеге сәйкес, шетелден әкелінген көлікті Қазақстанда 10 жұмыс күні ішінде тіркеу керек болатын.

Мемлекет басшысы Бас прокуратураға қалыптасқан жағдайға құқықтық баға беруді тапсырды. «Ал келешекте Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында қол қойылатын барлық келісім Қазақстанның ұлттық мүддесін ескеруі тиіс»- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саламат ОМАШ


Хабарламаларға жазылу