Шымкенттік Аянай Раева — Президенттің жастар кадрлық резерві сынағынан сүрінбей өткен жастың бірі. Ол бүгінде Мемлекеттік қызмет істер департаменті басшысының орынбасары болып қызмет етеді. Сондай-ақ әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі. Талапты жас елімізде кадрлық резервтің жасақталуы өз ортасында ерекше қасиетімен, дара қабілетімен ерекшеленетін жастардың мансапқа жетуіне және ең бастысы ел игілі үшін қызмет етуіне даңғыл жол ашады деп есептейді.
Іріктеу сынағына Аянай «Жүректен жүрекке» деп аталатын жобасын ұсынды. Ол осындай атаумен электронды сайт және мобильді қосымша жасақтамақ. Сол арқылы көмекке мұқтаж жандар мен атқарушы билік арасында ізгі, ашық және сенімді байланыс орнату ниетінде.
Аянайдың мемлекеттік қызмет саласында еңбек еткеніне 5 жылға енді таяды. Ол өзінің лауазымды жұмысынан бөлек, волонтерлік қызметке де уақыт табады. Болашақ мемлекеттік қызметшілерге тегін дәріс оқиды.
Жұмысты тиімді ұйымдастыра білу. Оның нәтижелі аяқталуы. Жауапкершілік. Әрбір істің заң шеңберінде болуын қадағалау. Иландыру, нақты шешім қабылдау. Аянай мемлекеттік қызметші ретінде өз бойына осындай қызметтік ұстаным мен өмірлік қағидаларды қалыптастыруға тырысып келеді.
Аянайға қазірдің өзінде бірнеше министрлік, аудан әкімдігі секілді мемлекеттік құрылымдар түрлі лауазымды қызмет ұсынуда. Алайда, ол қазіргі жұмыс орнын өзіне лайық көріп отыр. Келешекте Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының магистратурасында оқуға түспек.
Ғани ҚАЛМАХАН