Коронавирусқа байланысты ҚР Үкіметі «Қорғас» шекарамаңы орталығын уақытша жапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирусқа байланысты ҚР Үкіметі «Қорғас» шекарамаңы орталығын уақытша жапты

27.01.2020
Коронавирусқа байланысты ҚР Үкіметі «Қорғас» шекарамаңы орталығын уақытша жапты

Қытайда коронавирустың жаңа түрінің өршуіне байланысты қазақ-қытай шекарасындағы «Қорғас» Шекарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының жұмысы уақытша тоқтатылды.

Айта кетейік, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстан аумағында коронавирустың тарауына жол бермеу және оның алдын алу шаралары жөнінде кеңес өткізіп, бірқатар тапсырма жүктеді. Мынадай шаралар қолға алынады:

1. Мемлекеттік шекарадан өткізу бекеттерінде, оның ішінде әуе, автокөлік және теміржол көлігі нысандарында санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауын күшейту; 

2. ҚХР-дан келген барлық адамдарға тұрғылықты мекенжайы бойынша медициналық бақылау орнату; 

3. Эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда халыққа қажетті көмек көрсететін медициналық ұйымдардың дайындығын қамтамасыз ету; 

4. Қытайға қызметтік іс-сапарларды шектеу, сондай-ақ жеке істер мен туристік мақсаттарда бармауға кеңес беру; 

5. ҚХР-дан келетін транзиттік жолаушыларға ҚР аумағына 72 сағаттық визасыз келу режимін уақытша тоқтату; 

6. ҚХР аумағындағы қазақстандық азаматтармен оларға консулдық және өзге де көмек көрсету мақсатында жұмысты жандандыру; 

7. Мемлекеттік органдар коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау жөніндегі іс-қимылды үйлестіру мақсатында ҚХР және басқа да мүдделі елдердің тиісті мемлекеттік құрылымдарымен қажетті өзара іс-қимылды ұйымдастыруы тиіс; 

8. Қажет болған жағдайда ҚХР Ухан қаласында жүрген Қазақстан студенттері мен ҚР басқа да азаматтарын шұғыл эвакуациялауды қамтамасыз ету; 

9. Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаевтың төрағалық етуімен ведомствоаралық комиссия құру, оған Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Хабарламаларға жазылу