Б.Сапарбаев мемлекеттік органдардың баспасөз қызметінің жұмысына қатысты сын айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Б.Сапарбаев мемлекеттік органдардың баспасөз қызметінің жұмысына қатысты сын айтты

27.01.2020

Қазақстанда болып жатқан кейбір оқиғаларға қатысты ақпарат халыққа уақытында жетпейді. Өйткені мемлекеттік органдардың баспасөз қызметінің жұмысы баяу. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев жауаптылардың жұмысына қатысты сын айтты. Бүгін Елордада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі атқарылған жұмыстарды қорытындылап, биылғы жоспарларымен таныстырды.

Қазақстанда жоспарланған 800-ден астам іс-шара өтпейтін болды. Президент пәрменінен соң ірілі-ұсақты шаралардың бірқатары қысқартылып тасталған. Есесіне, тағылымы мол мазмұнды шараларға басымдық берілетінін айтты Дәурен Абаев. Ал ақпарат саласын дамытудың алдағы 3 жылға арналған ұлттық жоспары қабылданады. Маңызды құжат аясында отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жұмыстар қолға алынады.

Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүйелі дамыту стратегиясы жасалады. Ведомство басшысы бағдарламаның ары қарай дамыту тетіктері қарастырылып жатқанын айтты. Нақты нәтиже бар, жоспарлар да құрылды. Дегенмен ауқымды жобаға аймақтардың атсалысуы бәсең. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев жобаның жүзеге асуын сынға алды.

Вице-премьер баспасөз қызметінің де жұмысын күшейту қажеттігін айтты. Өйткені БАҚ-тың жұмысына көп жағдайда осы сала қызметкерлері қолбайлау. Қажетті ақпаратты уақытында бермеудің салдарынан оқырман мен көрерменге нақты ақпарат жетпей жатады. Сол себептен баспасөз қызметінің жұмысын үйлестіру керектігін айтты. Ал Жастар жылы аяқталғанмен, жастарды қолдау жалғасады. Осыған қатысты арнайы мемлекеттік бағдарлама бекитін болады. Маңызды құжат аясында қолжетімді баспана, жұмыспен қамту, сапалы біліммен қамтамасыз ету механизмдері қарастырылмақ.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу