1 апта ішінде Қаржы министрлігіне тиімсіз бюджет шығыстарын қысқарту бойынша ұсыныстар енгізілуі тиіс. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты.
«Мемлекет басшысы орта мерзімді кезеңде экономиканы дамыту жоспарын 15 мамырға дейін дайындауды тапсырды. Жоспарды дайындау бойынша Ұлттық экономика министрлігі ұсынған жұмысты ұйымдастыру тәсілдерімен жалпы келісемін», - деді ол.
Сонымен қатар Асқар Мамин Мемлекет басшысы тиімсіз бюджет шығыстарын, оның ішінде квазимемлекеттік сектордың да шығыстарын қысқартуды тапсырғанын атап өтті.
«Осыған орайда министрлер мен әкімдерге, ұлттық компаниялардың басшыларына бір апта мерзімде Қаржы министрлігіне ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Қаржы министрлігі 2 аптадан кейін тиімсіз бюджет шығыстарын қысқарту бойынша әзірленген тәсілдер туралы Үкімет отырысында баяндасын», - деді Премьер-Министр.
ҚазАқпарат