Қостанай іргесіндегі Садовый ауылында ауыз су жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай іргесіндегі Садовый ауылында ауыз су жоқ

29.01.2020

Қостанай облысы орталығының іргесіндегі Садовый ауылында ауыз су жоқ. Кеңес кезіндегі желі тоқсаныншы жылдары істен шыққан соң, әркім ауласынан ұңғыма қазып пайдаланған. Алайда өткен жазда ылғал аз болып, сол ұңғымалар да кеуіп қалған. Ертеректе қала жағдайына бейімделіп салынған қос қабатты үйлердің тұрғындарына тіпті қиын.

Садовый ауылында 1300 адам тұрады. Арасында жалғызбасты, кемтар қарт кісілер де бар. Олардың үнемі қаладан таза су әкеле алмасы белгілі. Амал жоқ ұңғыманың суын ішеді.

Жазда ауылға ауыз су көлікпен тасымалданыпты. Кейін тоқтатылған. Аудан басшылары енді ақпан айында тұрғындармен кездесіп, бұл жұмысты қайта қолға алатынын айтады. Ал су желісі әзір тартылмайды.

Қостанай ауданында 52 елді мекен бар, соның 7-уі ғана орталық су желісімен қамтылған. Биыл 13 ауылға ауыз су тартуға жобалық – сметалық құжат дайындалыпты. Ал Садовыйдың тұрғындарына әзір ыдысты молырақ қамдап су тасушы көліктерді күткеннен басқа амал жоқ.

Дәуренбек ӘБДІБЕК


Хабарламаларға жазылу