130 мыңнан астам тұрғын құжаттары үшін сабылып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

130 мыңнан астам тұрғын құжаттары үшін сабылып жүр

30.01.2020

Бұрын Түркістан- облыс емес, аудан орталығы болып тұрғанда сол төңіректегі 12 ауылдық- округтің кіндік қаласы еді. Енді әкімшілік орталық ауысқалы, сол маңдағы ауыл тұрғындары Кентауға сабылуға мәжбүр. 130 мыңнан астам халық. Түзейтін құжаты бар, төлейтін салығы бар, алатын зейнетақы мен жәрдемақы үшін екі ортада сабылып жүргені.

Шорнаққа келдік. Түркістанмен арасы 20 шақырым. Алайда әкімшілік орталық Кентауға ауысқалы жол екі есе ұзарды.

Осыншама өндіріс болса да, Шорнақтың шырайы кіріп тұрғаны шамалы. Газ жоқ. Балабақша, мектеп жетіспейді. Ауыз су бірде бар, бірде жоқ. Жолы шұрық-тесік. Әлеуметтік нысандар ескірген. Электр бағандарына дейін іріп-шіріп тұр.

Шорнақ ауылының аудан орталығына айналуы неғайбыл. Бірақ ХҚКО-н ашуға қам жасалды. Қалалық бюджеттен 15 миллион теңге бөлініп, бұрынғы пионерлер үйі жөнделді. Наурыз айында халыққа есігін айқара ашады,- деп сендірді Кентау билігі.

Бұл филиал халыққа 120 түрлі қызмет көрсетеді. Демек, ауылдан қалаға сабылған 50 мыңдай тұрғынның машақаты азаятын болды.

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу