1 ақпаннан бастап Қытайға баратын пойыздар уақытша тоқтатылады. Осы орайда Үрімжіге дейін билет алғандардың ақшасы толық қайтарылады, деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» АҚ.
Билет құнын қайтару үшін мекеменің кассаларына жүгіну қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, Қазақстаннан Үрімжіге дейін 22 адам билет сатып алған.
Ал 1 ақпаннан бастап Нұр-Сұлтаннан және Алматыдан Үрімжіге қатынайтын пойыздардың бағыты Достық станциясына дейін қысқартылады.
Еске сала кетейік, Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша бірқатар қосымша қорғану шараларын қабылдады. Атап айтқанда, 1 ақпаннан бастап ҚХР-ға баратын жолаушылар пойыздарының бағдары және 3 ақпаннан бастап Қазақстан мен ҚХР арасындағы жүйелі әуе қатынасы уақытша тоқтатылады. Сондай-ақ Қытай азаматтарына визалар беру тоқтатылды.