Елорда әуежайында Қытайдан келетін ұшақтар үшін арнайы тұрақ бөлінді. Ол жерге әуе көлігі қонбас бұрын жедел-жәрдем көлігі жетеді. Жолаушылардың бәрі медициналық тексеруден өтеді. Сондай-ақ еліміздің өзге өңірлерінде де қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Нұр-Сұлтан әуежайындағы санитарлық-карантиндік бақылау ұшақтың бортынан басталады. Мамандар тепловизор арқылы әр адамның дене қызуы өлшенеді және одан кейін жолаушылар қабырғаға орнатылған құрылғылардың тексеруінен өтеді. Егер температурасы жоғары азамат анықталса, ол оқшаулау бөлмесіне жеткізіледі.
Тек Қытайдан келетін азаматтарды тексеретін 3 бақылау пункті ашылған.
Вирустан сақтану мақсатында бүгін Шымкентте де оқу-жаттығу болды.
Ал Ақтөбелік дәрігерлер алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Қызылорданың Қорқыт ата әуежайында да коронавирусқа қарсы іс-әрекеттер пысықталды. Жалпы, елімізде коронавирус індетін жұқтырған адам тіркелген жоқ. Дегенмен, мамандар сақтық шаралары ұдайы назарда екенін айтады.
Аманкелді СЕЙТХАН