Қазақстандағы астыртын донорлықпен кімдер айналысады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы астыртын донорлықпен кімдер айналысады?

01.02.2020

Донор күтіп кезекте тұрғандардың жүздегені жыл сайын көз жұмады, тек Қазақстанда ғана. Бұл санды әлем халқына шақсаңыз қорқынышты қорытынды аласыз. БҰҰ-ң нашақорлық пен қылмысқа қарсы басқармасының деректеріне сүйенген олар, әлемде жылына 600 миллион долларға адамдардың ағзасы заңсыз сатылатынын айтты. Мұның бәрі өз еркімен донор болуға көнгендер, мүшесін тегін бергендер емес.

Адамның ағзасын саудалауға қатысты алғашқы дерек 2015 жылы тіркелген. Елорданың тұрғыны өзінің бүйрегін 15 мың АҚШ долларына сатпақ болды, бірақ сауда мұратына жетпеді. Салдарынан ағза алмақ болған адам 1 жыл 6 айға сотталды. 2016 жылы осындай екі қылмыс тіркелді. Кейінгі жылдары да ағзаны ақшаға сатуға, сатып алуға қатысты қылмыстар сиреп кеткен жоқ. Ең өкініштісі, біз денсаулығымызды сеніп тапсыратын отандық дәрігерлердің адам ағзасын саудалайтын қылмыстық топтардың белді мүшесіне айналғаны.

Украина ұлттық полициясының басшылары, украиналықтар мұқтаждықтың салдарынан ағзаларын Қазақстанға сатқанын айтты. Кемінде 20 Украина азаматының бүйректерін біздің елге өткізгенін, бір бүйрек үшін 10-15 мың доллар алғанын мәлімдеді. Ең сорақысы, адам ағзасын сатқан алыпсатарлар әр бүйрекке кемі 150 мың АҚШ долларын алған. Соның тек 10 пайызын донорға төлеген. Мысал мың, пікір пішен. Тіпті, мойнымда жалпы сомасы 3 миллион теңге болатын 12 несием бар деген Елордалық азаматшаның бүйрегімді саудаға қойыңызшы деп журналистерге келгенін де естіп-білгенбіз. Бұл өкінішті.  

Желіде жүргені міне: екі бүйрек - 50 мың доллар, бауыр - 200 мың доллардан жоғары, ұйқы безі - 70 мың доллар, Жұлын - әр граммы 23 мың доллар, екі өкпе - 200 мың доллар. Егер донор өлі болса баға екі есе төмендейді депті адам ағзасын саудалайтын қылмыскерлер. Адам ағазасын сататындармен құқық қорғаушылардың ең үздік топтары айналысады. Қолға түскендердің ішінде аты дардай отандық дәрігерлер де бар. Оларға не жетпеді?

Еркін СЪЕЗҰЛЫ  


Хабарламаларға жазылу