АҚШ сенаты Трамп импичментін қолдамады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ сенаты Трамп импичментін қолдамады

06.02.2020
АҚШ сенаты Трамп импичментін қолдамады

АҚШ сенаты президент Дональд Трампты қызметінен кетіруді қолдамады. Басым бөлігі республикашылдардан құралған парламенттің жоғарғы палатасы президент билік өкілетін теріс пайдаланып, конгресс жұмысына кедергі келтірді деген айыптарды негізсіз деп тапты. 

Билік өкілетін теріс пайдалану айыбы бойынша 48 сенатор қолдап дауыс берсе, 52-і қарсы шықты. Конгресс жұмысына кедергі келтіру айыбы бойынша 47 сенатор айыпты қолдады, 53 сенатор қарсы дауыс берген.

Трамп отставкасын бір республикашыл ғана қолдады. Дауыс беруге бірнеше сағат қалған кезде республикашыл сенатор Митт Ромни бірінші айып бойынша импичментті қолдап, дауыс беретінін айтты.

АҚШ конгресінің жоғарғы палатасында республикашылдардың көп болуынан-ақ сарапшылар президенттің ақталатынына сенімді болды. Өйткені әңгіме партияның абыройы мен имиджіне қатысты. Сенаторлардың басым бөлігі процесс кезінде жаңа куәгерлерді шақырудан бас тартты.

Айта кетейік, 2019 жылы желтоқсан айында өкілдер палатасы Трампқа екі бап бойынша айып таққан еді: билік өкілетін теріс пайдалану және конгресс жұмысына кедергі келтіру. Екеуі де бұрынғы вице-президент Джо Байденнің ұлы Хантер Байденнің қызметіне қатысты Украинада тексеру жүргізуге күш салуымен байланысты.

bbc.com. Фото: Tia Dufour/flickr The White House

Хабарламаларға жазылу