Қиындыққа қарсы тұрған қайсар жігіт. Екі аяғынан сал болып қалған атыраулық Наурызбек Шәкиев өзгеге қарайламай, өз күшімен еміне ақша жинауда. Жігері жасымаған жігіт алғашқы тапқан миллиондарын операцияға жұмсаған.
Наурызбек, соңғы екі жылдан бері қолөнермен айналысады. Кәдімгі тиын салғыш жасайды. Қалыпқа құйылып жатқан оның 7200-ші туындысы. Наурызбек күніне 5-6 сағат еңбектенеді. Осы уақыт аралығында, 30-дан астам тиын салғыш дайындап үлгереді.
Наурызбектің өмірі 22 жасында күрт өзгерді. Көлік апатына ұшырап, омыртқасына зақым келді. Кейін, екі аяғынан жан кетіп, арбаға таңылды. 1 жыл бойы қимылсыз жатты. Алайда, ағысқа қарсы жүзген қайсар жігіт тынымсыз еңбектеніп, мақсатына жетті. Кәсібін бастап, айналасы 4-5 айдың ішінде 3 миллионды жинады. Алғашқы ақшасына Грузияға барып операция жасатты.
Қарапайым тиын салғыш денсаулығында кінәраты бар өзге балалардың да дертіне дауа болды. Ойыншықтар олардың нағыз ермегіне айналды. Мамандар, табиғи таза өнімді бояу – аутизм мен дауна дертіне шалдыққан балғындарды емдеуде таптырмас әдіс екенін айтады.
Наурызбек берекелі кәсібін одан әрі дөңгелетуді көздеп отыр. Үлкен цех ашып, тиын салғыштарын ішкі нарыққа, тіпті әлем елдеріне жөнелткісі келеді. Алдағы уақытта ол ертегі кейіпкерлері мен батырлардың мүсінін жасауды жоспарлап жүр.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ