Аққулар мекені. Түркістан облысының Отырар ауданында Көккөл деген су айдыны бар. Сырдария сағасындағы кішкентай көлшік- жыл құстарының ары-бері ұшқанда аялдап, қоң жинайтын тұрағы. Шағаласы шулап, балығы тулаған, аққуы мамырлап жататын көл—мемлекет қорғауында. «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркінің, Отырар орманшылығына қарайды. Десе де, сол табиғаттың тынышын бұзып, көлдің берекесін алып жүрген браконьерлер азаймай тұр. Көккөлді аққулардың транзиттік «әуежайы» дерсің. Жер шарының оңтүстігінен солтүстігіне ағылған құрыш қанат құстардың бір тобы қонса, екіншісі ұшып кетіп жатыр. Әр қимылы мәнерлі, әдемі. Бұл- мың бұралып ағатын Сырдарияның сағасы. Ерекше қорғалатын аймақ. Алайда жақын маңдағы ауыл адамдары көлге қол сұғуын қоймайды. Оған өзіміз де куә болдық. Аққуларды үркітіп, үрлемелі қайық мінген мына екеу біздің бейнекамераға кездейсоқ түсіп қалды. Көлдің тура ортасында жайбарақат балыққа ау салып отыр. Ал жағада тағы бір көлік қолға түсті.
Аққулар тыныштықты сүйеді. Олар айдын көлдің иесі. Құс біткеннің киесі. Сондықтан көлдің тынышын бұзуға рұқсат жоқ. Дегенмен былтыр табиғи паркі аумағында заңға қайшы 130 дерек тіркеліпті.
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ