Елордада алдағы бес жыл ішінде 50 мектеп салынады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов халыққа есеп беру кездесуінде айтты.
«Халық саны көбейген сайын бала саны көбейеді. Енді мектептер санын көбейтуіміз керек. Қазіргі уақытта қалада үш ауысымды 8 мектеп бар. 14 мектепте оқушылар шамадан тыс көп. Бұл білім сапасына да әсер етеді және мұғалімдерге де салмақ түсіреді», - дейді Алтай Көлгінов.
Ол бұл мәселелер қалай шешімін табатыны туралы айтты.
«Өткен жылы елордада 5 мың орындық 6 мектеп аштық. Ол үш ауысымды мектеп мәселесін шешті. Бірақ әлі де 8 үш ауысымды мектеп бар. Биыл өткен жылдан екі есе көп мектеп ашамыз. Өткен жылы құрылысы басталған 10 мың орындық мектептер биыл аяқталады. Бұл да жағдайды жеңілдетеді, бірақ бәрібір мектептер жеткіліксіз. Сол себепті біздің кешенді даму жоспарымызда бес жыл ішінде аз дегенде 50 мектеп салу жоспарланған. Тек бюджетке қарап отыра бермей, жеке инвестицияларды да тартудамыз. Өйткені Нұр-Сұлтан қаласында инвестиция жасауға қолайлы жағдай жасалған», - дейді ол.