Тұрмысы төмен отбасыларға тірек болар тың бағдарлама Түркістан облысында қолға алынды. «Қамқорлық» деп аталатын жаңа жоба аясында 900 отбасына 45 миллион теңгеге көмек көрсетілді. 1643 отбасы кедейліктің ең төменгі шегінде өмір сүріп жатқаны анықталды. Бүгін халық алдында есеп берген өңір басшысы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын жіктеп берді. Айтуынша, облыс бюджеті бір жылда 561 миллиард теңгеден 778 миллиард теңгеге жетіп, 38 пайызға артқан. Өңірде өнеркәсіпті өркендетуге 441 миллиард теңге инвестиция тартылып, 9 индустриялдық аймақ пен Түркістан арнайы экономикалық аймағы құрылған.
Тұрғындармен кездескен Павлодар облысының әкімі орындалуы тиіс негізгі міндеттерді атап өтті. Халықты баспанамен қамту, көпбалалы отбасыларды қолдау және экологияны жақсарту. Айналасы бір айда әкімнің жеке парақшасына 6 мыңға тарта хабарлама түскен. Әрбір үшінші арыз баспанаға қатысты. Бүгінде 27 мың адам пәтер кезегінде тұр. Көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту үшін 1 миллиард 200 мың теңге қаражат бөлініп, Екібастұз және Ақсу қалаларынан 150 пәтер сатып алынды. Қазір үйсіз жүргендердің дені бюджеттік саладағы және мемлекеттік қызметкерлер. Сондықтан ең әуелі тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға басымдық берілмек.