Жапония жағалауындағы круиздік лайнердегі Қазақстан азаматтары елге өз қаражаттарымен қайтады. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты. Карантин аяқталды. Қазақстан азаматтары вирустан аман. Бірақ әлі бір рет сынама тапсырады.
14 күн оқшауландырылған лайнердегілердің 542-сі қауіпті індетті жұқтырды. Олармен жақын араласқандар кемеде тағы біршама уақыт дәрігерлердің бақылауында болады. Ал қалғандарын, жалпы лайнердегі 3 мыңнан астам жолаушыны сыртқа шығаруға шамамен үш күн кетеді.
Қытайдағы елшілік қызметкерлерінің қауіпсіздігі де ескерілген. Қазір штаттық режимде жұмыс істеп жатқан дипломаттардың әйелдері мен балалары эвакуацияланды. Сондай-ақ Уханьда қалып қойған тағы екі азамат ертең елге оралады. Оларды Украиналық ұшақ жеткізеді.
Қытайдан және осы жұқпалы ауру тіркелген өзге де елдерден келгендер ерекше бақылауда болады. Олар үш топ бойынша жіктеледі. Әр категория үшін арнайы іс-қимыл жоспары бекітілді. Қаулы ертеңнен бастап күшіне енеді.
Қытаймен арадағы тауар айналымы, жүк тасымалы кезінде де ескерілуі керек шарттар белгіленді. Ал жолаушы қатынасына әзірге рұқсат жоқ.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ