Арқалық қаласында 29 адам қызылша дертін жұқтырған. Олардың 27-і мемлекеттік педагогикалық институттың студенттері. Науқастардың барлығы қаладағы өңірлік аурухананың инфекциялық бөліміне жатқызылды. Яғни дер кезінде оқшауланып, тиісті ем қабылдап жатыр. Бәрінің де жағдайы бірқалыпты, дерттің ауыр белгілері байқалмайды. 12 адам денсаулығы жақсарғандықтан ауруханадан шығарылған. Қостанай облысында бұған дейін қызылша дерті соңғы рет былтыр жазда тіркелген. Мамандардың айтуынша, осы жолғы жұқпалы вирустың тасымалдаушылары оңтүстік облыстардан келіп оқып жатқан студенттер болуы мүмкін. Себебі қызылшамен ауырғандардың 19-ы Түркістан, Қызылорда және Алматы облысының түлектері. Бүгінде науқастармен қарым-қатынаста болған 698 адамға екпе жасалды.
Дәурен ӘБДІБЕК