Қазақ жеріне өзге этностардың қоныстану тарихы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ жеріне өзге этностардың қоныстану тарихы

21.02.2020
Қазақ жеріне өзге этностардың қоныстану тарихы

Қазақ жеріне өзге ұлт өкілдері Ресейдегі 1861 жылғы реформа бойынша алғаш қоныстана бастады. Сол тұста патша үкіметі алып империядағы әлеуметтік шиеленісті бәсеңдету және отарлау саясатын белсенді жүргізу үшін орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныс аудартты.

XIX ғасырда қазақ жеріне ұйғырлар мен дүнгендердің көшіп келуі де тарихи оқиғаға баланды. Цинь империясының Құлжа аймағынан Жетісу өңіріне 45 мың ұйғыр мен 5 мың дүнген қоныстанды.

Сондай-ақ украин, беларусь, поляк, болгар шаруалары қазақ даласына Столыпин реформасы тұсында да көп көшіп келді. І Дүниежүзілік соғыс қарсаңында Қазақстанда 60-қа жуық этнос өкілдері өмір сүрді.

Ал Кеңес Одағы тұсында өзге ұлт өкілдері сталиндік қуғын-сүргін саясатының кесірінен қазақ жеріне күштеп қоныс аударылды. Мұның зардабы өлшеусіз еді, оны басынан өткізгендер ешқашан ұмытпайды. Өйткені жүздеген мың халық, оның ішінде қарттар, әйелдер мен балалар мал таситын немесе тауар таситын вагондармен жеткізілді. Қандай да бір наразылық білдіргендер қатаң жазаланды. Қоныстанушылар сол кезде бос қалған мешіттерге, ат қораларға, шошқа қораларға, қоймаларға орналастырылды.

Осы тұста ешбір дүние-мүліксіз көшіп келген халықтар тек қазақ халқының көмегінің арқасында ғана аман қалды. Аштық пен қуғын-сүргін қасіретін көрсе де, кеңпейіл халқымыз қолындағы соңғы нанымен бөлісіп, тағдыр тәлкегіне түскендерге көмегін аямады. Осылайша Қазақстан зорлықпен көшіп келген өзге ұлт өкілдерінің екінші отанына айналды. 

Бүгінде Қазақстан этникалық біртектілікті сақтай отырып, көпэтносты елдің үлгісін әлемге паш етті.

e-history.kz

Хабарламаларға жазылу