Қытай түрмелерінде 500-дей адам коронавирус жұқтырды. Олардың ішінде абақты бақылаушылары да бар. Әділет министрлігінің хабарлауынша, қазір науқастар оқшауландырылып, ем қабылдап жатыр. Ал түзеу мекемесінің басшылығы оқиғадан кейін қызметінен босатылған.
Жалпы елде эпидемия қарқыны бәсеңдегенмен, оған қарсы күрес күшейді. Мәселен, Уханьда жұқпалы індеттен емдейтін ең үлкен аурухана ашылды. Ол – 3700 адамға арналған. Бүгінге дейін қалада іске қосылған 15 уақытша емхананың барлығы науқастарға лық толы. Себебі COVID-19 вирусын жұқтырушылар 75 мыңнан асып кетті. Инфекцияның жылдам таралуына байланысты бұл көрсеткіш күн сайын өсуде. Ал коронавирустан қайтыс болғандар саны 2236-ға жетіп отыр.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ