Ақордада Еуразиялық экономикалық одақ аясында атқарылған істер мен оның болашағы талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Еуразия экономикалық комиссия алқасының жаңа төрағасы Михаил Мясниковичті қабылдады. Одақтың құрылғанына биыл 5 жыл. Бұл уақыт аралығында жетістіктермен қоса кемшілік те аз болмады. Дегенмен, Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың жалпы жұмысына оң бағасын беріп, басты міндеттерді атқара алғанын айтты. Ендігі мақсат — мүше мемлекеттердің мүдделеріне сай одақтың жұмысын дамыта түсу. Бұл жауапкершілік Комиссия алқасын басқаруға келген жаңа төрағаға жүктеліп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Мясниковичті осындай маңызды лауазымға келуімен құттықтап, жұмысына табыс тіледі.
Альбина ӘШІМ