Сауд Арабиясы коронавирус қаупіне байланысты қажылықты уақытша тоқтатады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сауд Арабиясы коронавирус қаупіне байланысты қажылықты уақытша тоқтатады

27.02.2020

Қатерлі инфекция табылған елдердің азаматтары бұл мемлекетке умра үшін және турист ретінде кіре алмайды. Мұндай мәлімдемені Саудия сыртқы істер министрлігі таратты. Бұл шешімнің биыл шілдеде басталатын үлкен қажылыққа қалай әсер ететіні әзірге белгісіз. 

Айта кетсек, оған жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған мұсылман жиналады.

Сауд Арабиясында әзірге жұмбақ ауру табылған жоқ. Бірақ, коронавирус осы монархиямен көршілес елдерде анықталып отыр. 

Ал, Италияда жаңа инфекцияны жұқтырғандар саны 450-ден асып, 12-сі қайтыс болып, үшеуі ғана емделіп шыққан. Осыған байланысты елдің солтүстігінде мектептер, университеттер, мұражайлар, кинотеатрлар және тағы басқа мекемелер жабылып жатыр. Сонымен қатар, коронавирус диагнозы Пәкістанда, Швецияда, Норвегияда, Румынияда, Грузияда алғаш рет қойылып отыр. 

Грузия денсаулық сақтау министрі Екатерина Тикарадзенің мәлімдеуінше, жергілікті тұрғын емі жоқ дертке Иранға барғанда шалдығып, елге Әзербайжан арқылы оралған. Онымен бір автобуста қайтқан 12 адам дереу госпитальге жіберілді. 

Жалпы алғанда, коронавирус планетаның 40-қа жуық еліне жетіп, одан бүгінге дейін 2700-ден астам адам қайтыс болып, 80 мың адам науқастанып отыр.

Арыстан РЫСБЕК


Хабарламаларға жазылу