Павлодар облысында туберкулезге бейім балаларды емдейтін санаторий жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында туберкулезге бейім балаларды емдейтін санаторий жабылды

28.02.2020

Құрт ауруы өршіп тұрған Павлодар облысында туберкулезге бейім балаларды емдейтін арнайы облыстық санаторий жабылып қалды. Ал өткен жылы аймақта 4 мыңға жуық жеткіншектің бұл ауруға қарсы иммунитетінің төмендігі анықталған. Бір бұл мекеме ғана емес, былтыр бірнеше ауданда тубдиспансер жұмысын тоқтатты.

Кемі 3 айдан 6 айға дейін кешенді ем қабылдап, қажет болса сабақты да осында жатып оқитын балалар тегіс үйлеріне қайтарылды. Енді олар 21 күндік жедел терапия әдісімен емделеді.

Ресми дерек бойынша былтыр өңірде құрт ауруының таралуы 10 пайызға азайды делінгенімен, биылғы жағдай мүлдем басқа.

Қалыптасқан жағдай ескеріліп,бұл мақсатқа бюджеттен екі есе көп қаржы бағытталмақ. Былтыр 46 миллион теңге қаралса, биыл 80 млн теңге бөлінді. Аймақ басшысы түберкүлезге шалдыққан науқастарға берілетін өтемақыны да 13 мың теңгеден 31 мың теңгеге көтеруді тапсырды.

Болат АМАНБАЕВ


Хабарламаларға жазылу