ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында министрліктерге бірқатар тапсырма берді.
«Қазіргі уақытта вирус 50-ден астам елде анықталып, өте жылдам таралуда. Қазір Қазақстанда коронавируспен ауырған адамдар жоқ. Сондықтан барлық алдын алу шараларын жалғастыру керек. Біріншіден, Денсаулық сақтау министрлігі барлық мемлекеттік шекаралық өткізу пунктерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтіп, әзірленген іс-қимыл алгоритмін іске асыруға дайын болуын қамтамасыз етсін. Екіншіден, Сыртқы істер министрлігі бұған дейін жоспарланған ірі халықаралық шараларды ауыстыру бойынша ұсыныстарды енгізсін. Коронавирус инфекциясы таралған елдер үшін транзитті, электронды, туристік визаларды тоқтату қажет», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.