Оңтүстік Корея осы бағытта 2,8 миллиард доллар бөлмек. Елде соңғы күндері инфекцияны жұқтырғандар саны күрт өскен. Жұқпалы дертке бір тәулікте 516 адам шалдығып, 32 науқас көз жұмды. Ауру белгілері тағы 5 мыңнан астам адамда анықталып, ауруханаларда орын жетпей жатыр. Сондықтан, ел билігі төтенше жағдай жариялады.
Эпидемия өршіп тұрған Иранда да екі апта ішінде 77 адам көз жұмды. Вирусты жұқтырғандар саны күн сайын өсіп, 2300-ден асты. Осыған байланысты, оқу орындары жабылып, адам көп жиналатын шараларға тыйым салынды.
Ал, Қытайдың өзінде өлім-жітім азайып келеді. Үшінші күн қатарынан вирустан қайтыс болғандар саны 40-тан аспады. Дегенмен, эпидемия әлемді жайлап барады. Вирус құрбандарының саны Еуропада артып, Италияда 79, Францияда 4, Испанияда бір науқас мерт болды. Соңғы мәліметке сәйкес, COVID-19 Чили, Аргентинада анықталды. Жалпы жұқпалы дерттен әлемде 3200 адам көз жұмып, оған шалдыққандар саны 93 мыңнан асып кетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты әдеттегі тұмаудан әлдеқайда қауіпті деп отыр.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ