Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында мынадай жолдар бар. «Ұлы ақын «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды» дегенді бекер айтқан жоқ. Елге билік жүргізетіндерге жұрттың көңілі толмайтынын да аңғартады» дейді. Бұл да болса адамзаттың асылына айналған тұлғаны толық түсінген адамның сөзі. Әйтпесе өзі билікте отырып, елдің билікке көңілі толмайтынын аңғардым деуге екінің бірінің дәті бармайды. Басшы білді деген сөз, биліктегі талай қателік жуырда жөнделетінін аңғартса керек. Президент мақаласының тағы бір тұсы есіме түсіп тұр: «Популизм теріс тенденция ретінде дүниежүзілік сипат алды. Әлемнің түкпір-түкпірінде нақты стратегиясы жоқ, тек жалаң ұрандар арқылы билікке жеткісі келетін топтардың дауысы жиі естілуде. Осындай даңғазаға құмар адамдар туралы Абай: «Қу тілменен құтыртып, Кетер бір күн отыртып», – дейді. Расында, бұл – кез-келген елдің дамуын кенже қалдыратын, ұлттың бірегейлігін әлсірететін қауіпті үрдіс». Шатақ шығарудан атақ шығарудың жолын іздеген жолбикелер қаптаған қазіргі шақта біз бірігуге тиіспіз. Өйткені ұраны жалған адамның ұлтына жаны ашымайтыны екібастан белгілі. Қателіксіз қоғам болмайды, бұқараның билікке көңілі толмайды. Бұл әлемдегі барлық елде бар құбылыс. Бірақ соның бетін бері қарату, өзімізді өзіміз өзектен теппеу, түзетуге тырысқан тұлғаға болысу біздің міндет. Өйткені ел, жер, тәуелсіздік халыққа қажет. Мұны бірліксіз сақтап қалам деу бос әуре. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласын былай түйіндейді. «Әр азамат осы тойдың алдында еліміз, елдігіміз жөнінде терең ойланса дейміз. Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені талап етті? Абай бізден нені күтіп еді? Абай елдің қай ісіне сүйініп еді? Сол сүйінген ісінен үйрене алдық па? Абай қазақтың қай ісіне күйініп еді? Сол күйінген ісінен жирене алдық па? Басқасын былай қойғанда, ақын айтқан бес асыл істі жүзеге асырып, бес дұшпанды бойдан қашырып жатырмыз ба деген ойдың төңірегінде толғансақ та талай жайға қаныға аламыз». Рас, көптің көкейінде көлкіп тұрған сұрақтар осы.
Азамат БЕЙБІТҰЛЫ