Бұл туралы бүгін журналистерге берген сұхбатында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді. Қарыздың 13,2 миллиарды мемлекеттік секторға тиесілі. Ал, қалғаны банктер мен өзге салалардың берешегі. Сондай-ақ, баспасөз мәлихатында банк төрағасы зейнетақы қоры, криптовалюта сияқты өзекті мәселелер жөнінде мәлімет берді.
Қазақстан азаматтары бұдан былай зейнетақы жинақтарын басқаратын компанияны өздері таңдай алады. Ұлттық банк өкілдері бүгін осылай деді. Қазір қорда 7,5 триллион теңге бар. Бұл 1-ші қазандағы көрсеткіш. «Зейнетақы активтерін инвестициялаудан үлкен пайда түсіп жатыр»,- дейді олар.
Алпысбай Ахметов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:
- Егерде активтерді басқаратын компаниялар ашылса, жеке зейнеткерлер өздері шешім қабылдап, өздер таңдау керек. Бұл ең басты мәселе. Осыны жасау жөнінде қазір Үкіметпен келіссөздер жүргізіліп жаты.
Бүгінгі жиында көпшілікті алаңдатып жүрген криптовалюта мәселесі де сөз болды. Ұлттық банк төрағасы валютаның бұл түріне үзілді-кесілді қарсы екенін айтты. Криптовалютаға инвестиция салатындарға да ескерту жасады. Өйткені, бұл жолмен қаржысын еселеймін дейтіндер жиған-тергенінен бір сәтте-ақ айырылып қалулары мүмкін. Криптовалюта елімізде ешқандай активпен кепілдендірілмеген. Оған қаржы құйған 3 адамның екеуі жер сипап қалуы ықтимал.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Мен осы күнге дейін криптовалютаның не екенін дұрыс түсіне қоймадым. Қазір біз Үкіметке бұл мәселеге қатысты бірқатар қатаң шара қолдану туралы ұсыныс жасап жатырмыз. Нақтырақ айтсақ, криптовалютаға ұлттық валютамен төлем жасауға шектеу қойғымыз келеді. Сондай-ақ, криптовалютаға серпін беретін компаниялардың жұмысын тоқтату туралы ұсыныс енгіздік.
Кейбір елдердің орталық банктері өз криптовалютасын шығарғысы келеді. Алайда, бұл өте күрделі процесс. Әзірге ешқандай мемлекет бұл бағытта нақты қадамдар жасамады. Сондықтан, еліміздің Ұлттық банкі де криптовалюта мәселесін әлі де жан-жақты зертейді.
Бақытжан ОМАР