Отандық кәсіпорындарды қолдап, жұртты жұмыспен қамту үшін 300 миллиард теңге бөлінеді. Бүгін Шұғыл әрекет ету штабының кеңесін өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма берді.
Мемлекет басшысы коронавирусқа қарсы тұрып, тұрақтылықты сақтау үшін дүрбелеңге бой алдырмай, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет деді. Әсіресе әлеуметтік желіге баса мән беру керек. Сондай-ақ балаларына қарау үшін үйінде отыруға мәжбүр ата-аналардың біріне ақылы еңбек демалысын төлеу қажеттігін айтты. Әрі мемлекеттік қызметшілердің шетелдерге іссапармен баруына тыйым салынады, тек еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сапарларға ғана рұқсат беріледі деді президент. Сондай-ақ, бюджет шығындарын оңтайландырып, қаржыны халықты жұмыспен қамтуға, шағын және орта бизнесті қолдауға жұмсау керектігін айтты. Сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банк қаржы нарығын реттеп, отандық өндірісті қолдауға және жұмыс орындарын сақтауға арналаған жоспарын әзірлеуі керек. Жұртты азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамту да басты назарда деді мемлекет басшысы.
Досжан Маратұлы