Бірінші қаңтардан бастап мыңнан астам ауылдық округ дербес бюджет бойынша жұмыс істейтін болады. Бүгін Қаржы министрлігінде жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа жүйесіне қатысты арнайы семинар ұйымдастырылды. Қазірдің өзінде әр өңірде қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйелерін жетілдіру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Сондай-ақ, төртінші деңгейдегі бюджетке ауыртпалықсыз өту мақсатында арнайы мамандар дайындалуда. Екі кезеңнен тұратын ауқымды жұмыстың нәтижесінде 2020 жылы халық саны екі мыңнан асатын еліміздің барлық ауылдық округтары осы жүйеге көшетін болады.
Азамат Ахметов, ҚР Қаржы министрлігі қазынашылық комитетінің төрағасы:
- 3525 маманға жүйе қалай жұмыс істейтінін көрсеттік. Қаржыны жоспарлау, келісімшарттарды қазынашылық жүйеде тіркеу, төлемдерді өткізу бойынша тестілерді өткізіп, оларға қалай болатынын түсіндірдік.
Елдос САПАРҒАЛИ