Поляк кәсіпкерлері еліміздің аграрлық секторын бірігіп дамытуға ниетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Поляк кәсіпкерлері еліміздің аграрлық секторын бірігіп дамытуға ниетті

04.12.2017

Поляк кәсіпкерлері еліміздің ауыл шаруашылығы саласына қаржы құйып, аграрлық секторды бірігіп дамытуға ниетті. Бұл туралы Польша астанасы Варшавада өткен ауыл шаруашылығы көрмесінде белгілі болды. Әлемнің 20 мемлекетімен бірге шараға биыл Қазақстан да тұңғыш рет қатысты. Алматы, Астана қалалары мен Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстарының өкілдері шетелдіктерге отандық өнімді жарнамалап, өзара тәжірибе алмасты.

Әр ел ауыл шаруашылығы өнімін сөреге самсатып қойыпты. Мысалы, поляктардың стендінде бір ғана қызылшаның бір емес, бірнеше түрі бар. Жіңішкесі керек дейсіз бе, қант қызылшасы, тіпті, малға арналған түрі де бар. Салмағы ауыр, шамамен 6 келідей болады. «Ешқандай қоспасыз, химикатсыз, табиғи түрде өсірілген», - дейді шаруалар.

Польша жылына 25 млрд. еуроның ауыл шаруашылығы өнімін шетелге экспорттап, 73 елдің нарығын жаулап отыр. Аграрлық секторды экономиканың драйверіне айналдырған елмен тәжірибе алмасу үшін қазақстандық делегация да көрмеге арнайы қатысты. 

Мейіржан Мырзалиев, Қостанай облысы әкімінің орынбасары:

- Польшада ауыл шаруашылығы дамыған, біршама технологияларды біздің өңірімізде қолдануға болады. Мысалы, сүт өндіру, ет өңдеу, ең бастысы, бидайды өңдеу, оны терең өңдеу бойынша зауыт салуды қарастырып жатырмыз.

Марғұлан Баймұхан, ҚР-ның Польшадағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Ең бірінші ет, сүт өнеркәсібі, сосын ауыл шаруашылығы техникасы. Соның бір мекемесін бір өңірде ашайын деп жатырмыз. Нақты 2-3 жобаны Қазақстанның әр өңірінде ашу мақсатымыз бар. Соған байланысты көп жұмыс атқарып жатырмыз.

200 шаршы метрге созылған қазақстандық павильонды көруге келгендерде есеп жоқ. Көппен бірге қазақтың құрты, бауырсағы, шайы мен шоколадынан Польшаның ауыл шаруашылығы министрі де дәм татты. Аграрлы-индустриалды әлеуеті жоғары Қазақстанмен ынтымақты арттыруға, барымен бөлісуге поляктар құлшынып отыр. 

Кшиштоф Юргель, Польшаның ауыл шаруашылығы министрі:

- Польша Қазақстанмен барлық салада іскерлікті арттыруға, тәжірибе алмасуға ниетті. Ол үшін қос үкімет арасында арнайы келісім бекітілген. Яғни, агротехникадан бастап, мал шаруашылығы, генетика, инновацияны дамыту бойынша екіжақты іскерліктің көкжиегі кең. 

Алыс-берісті арттыру үшін көрме аясында қазақ-поляк кәсіпкерлерінің форумы өтті. Польша бизнесмендерін Қазақстандағы тың мүмкіндіктер, сапалы дәнді-дақылдар қызықтырып отыр. Дәнді-дақыл демекші, келесі жылы 10 мың тонна қазақстандық зығыр тұқымы мен 2 мың тонна қыша тұқымы Польшаға экспортталады. Форумда тараптар осыған уағдаласты. Бізден өзге де өнім тасымалдағысы келетін тағы бір топ поляк кәсіпкерлері көктемде елге арнайы сапарламақ.   

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу