Сын сағатта қайырымдылық пен көмек қолын созушылар қатары артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сын сағатта қайырымдылық пен көмек қолын созушылар қатары артты

20.03.2020

Біз біргеміз! Елбасының үндеуіне үн қосып жатқан қайырымды жандар жетерлік. Бүгін Нұрсұлтан мен Алматы қалаларындағы 12 мың отбасыға тегін азық-түлік таратылды. «Nur Otan» партиясының қызметкерлері бір күндік жалақыларын осындай қайырымдылыққа аударған. Кәсіптің кілтін ұстаған іскер жандар да ізгілікті істен қалыс қалып жатқан жоқ.

Қайырымдылық шаралары мұнымен бітпейді. Алматылық кәсіпкер де екі мегаполистегі дәрігерлерге 15000 маска, 47000 стерилді қолғап таратты. Тағы 7000 бетпердені Нұр-Cұлтан қаласы әкімдігіне бөлді. «Самұрық қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» 6 миллион масканы үш министрлікке үлестірді. Коронавируске қарсы күресу шараларына танымал кәсіпкерлер Тимур Күлебаев пен Қайрат Боранбаев 1 миллиард теңге, «Сбербанк» 50 миллион теңге, «Верный капитал» компаниясы 1 миллион доллар аударды. «Билайн» операторы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, 6000 дәрігердің байланыс желісін тегін пайдалануына мүмкіндік берді. Ал «Сәби» қоры мен Екінші деңгейлі банк өкілдері коронавирусті анықтайтын экспресс-тест алуға 200 миллион теңге қаражат аударды.

Тағы бір, қуантарлығы Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы автотұрақтар 20 наурыздан 15 сәуірге дейін тегін. Осылайша, қазақстандықтар жаппай Елбасының үндеуіне үн қосып, материалдық, моральдық тұрғыда қолдау танытып жатыр.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу