Сауд Арабиясындағы 33 Қазақстан азаматы елге оралды.
Азаматтарымызды шет елдерден қайтару жөніндегі іс-шаралар шеңберінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің, сондай-ақ Сауд Арабиясының мемлекеттік органдарының бірлескен күш-жігерімен 24 наурызда осы елдегі отандастарымыз елге жеткізілді.
Қазақстанның Әскери-әуе күштері әскери-көлік авиациясының атсалысуымен 33 отандасымыз Джидда-Ақтау бағыты бойынша аман-есен үйіне оралды. Олар Корольдіктің аумағында болып, Сауд билігі коронавирустың таралуына қарсы шаралар аясында халықаралық рейстерді тоқтатқан сәтте сол елден шыға алмай қалған еді.
Қазіргі уақытта Сауд Арабиясының аумағында Қазақстан Республикасының 100-ге жуық азаматы өз еркімен қалды. Олардың көпшілігі келісімшарт бойынша Корольдіктің түрлі қалаларында жұмыс істейді. Оның ішінде туристік визамен келген және Мекке мен Медина қалаларында уақытша жүрген 11 адам бар.
Елшілік пен Бас консулдық аталған азаматтармен тұрақты байланыста.